05.07.2018 ж. Астана қаласының 20 жылдығына орай Алматы қалалық №1 клиникалық ауруханасында «Ел жүрегі- Астана» деген атпен мерекелік шара өтті. Мерекелік шараға қонақ ретінде С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ның бірлескен клиникаларының директоры Е. Тәжиев, «Шарасыздар» қоғамдық бірлестігінің лидері Ғ.Тобатаева, Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Б.Пірәлиев, Наурызбай аудандық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы М. Каркенов және қалалық емханалардың бас дәрігерлері келді. Олар клиникадағы Күндізгі стационардың ашылуына қатысып, үздік қызметкерлерді марапаттап, ақ тілектерін білдірді. Бұл күні аурухана қабырғасында Наурызбай ауданы мекемелері қызметкерлерінің балалары арасында футболдан жарыс ұйымдастырылып, жеткіншектер арасында бірінші орынды «Зидан», екінші орынды «Атлетико», үшінші орынды «Бәйтерек» командасы жеңіп алды. Сондай-ақ, «Жанұялық эстафетасы» өткізіліп, отбасы мүшелері арқан тарту, кір тасын көтеру, 50 м. қашықтықта жүгіруде сайысқа түсіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубокқа ие болды. «Астана-20 жыл» деген жазуды алып шыққан аурухана қызметкерлері флеш-моб ұйымдастырып, мерекенің сәнін келтірді. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен тәмамдалды. Эстрада әншілері Самат Жаңғазин мен Мөлдір Әсенова дүйім-жұрттың алдында өнер көрсетті.